КИБЕРАЛАЯҚТАРДАН ҚОРҒАНЫС – БАСТЫ НАЗАРДА
Бүгін Маңғыстау облысы Қарақия ауданы прокуратурасының қызметкерлері «Жетібаймұнайгаз» ӨБ қызметкерлерімен интернет-алаяқтықтың алдын алу және азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселелеріне арналған кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қарақия ауданы прокурорының орынбасары Бағдат Карленов мессенджерлерде, әлеуметтік желілерде және телефон қоңыраулары арқылы жасалатын алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы айтып берді.
Жиында цифрлық қауіпсіздік пен азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабына сәйкес әр азаматтың жеке өміріне қол сұғылмауына, жеке және отбасы құпиясына, сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректердің заңсыз жиналуынан, өңделуінен, сақталуынан және пайдаланылуынан қорғалуға құқығы бар екені атап өтілді.
Осыған байланысты қатысушыларға киберқауіпсіздіктің негізгі талаптарын сақтау қажеттігі түсіндірілді: бөгде адамдарға банк карталарының деректерін, SMS-хабарламалардағы кодтарды және жеке мәліметтерді бермеу, күмәнді сілтемелер мен хабарламаларды мұқият тексеру, сондай-ақ банк немесе мемлекеттік орган атынан хабарласқан тұлғалардың ақпаратына бірден сенбеу қажеттігі ескертілді.
Кездесу барысында облыс аумағында тіркелген интернет-алаяқтық фактілері мысал ретінде келтіріліп, мұндай жағдайларға тап болған кездегі іс-қимыл тәртібі түсіндірілді.
Шара соңында қатысушыларға жеке деректерді қорғау, цифрлық сауаттылықты арттыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тәжірибелік ұсынымдар берілді.