ЖАЙДАРМАНДАҒЫ ЖАРҚЫН ЖЕҢІС
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшылығы «KMG Күлкі Time» жайдарман ойындарында топ жарып, чемпион атанған MMG MIX командасын арнайы қабылдап, шығармашылық жетістігімен құттықтады. Кездесу барысында компания бас директорының бірінші орынбасары Болат Сейтмағанбетов мұнайшылардан құралған команданың тек өндірісте ғана емес, өнер мен мәдениет саласында да белсенді екенін атап өтіп, олардың жеңісі ұжым мерейін өсіргенін айтты.
Еске сала кетсек, Ақтау қаласында өткен «KMG Күлкі Time» жайдарман сайысына «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес және тәуелді ұйымдарынан 10 команда қатысқан болатын. Қатысушылар қатарында Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Павлодар облыстары мен Астанадан келген мұнай-газ саласының жұмысшылары бар.
Сайыс екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы бөлімде командалар өздерін креативті түрде таныстырып, мұнайшылар өмірі, вахтадағы күнделікті тіршілік, экология және әлеуметтік жобалар тақырыбын әзілмен жеткізді. Ал екінші кезеңде қатысушылар еркін тақырыптағы сахналық қойылымдарын ұсынды.
Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген әріптестеріміз MMG MIX командасы сахна мәдениетімен, ұтымды әзілдерімен және ұйымшылдығымен ерекшеленіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде «Маңғыстаумұнайгаз» құрамасы бас жүлдені жеңіп алып, «Самұрық-Қазына» АҚ ұйымдастыратын «Әзіл Fest» байқауына жолдама алды.
Кездесу барысында компания басшылығы команда мүшелеріне алғыс айтып, алдағы республикалық додада сәттілік тіледі. Өз кезегінде жайдарманшылар көрсетілген қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, компания абыройын жоғары деңгейде таныстыруға күш салатындарын жеткізді.
Айта кетейік, MMG MIX командасы бұған дейін де жайдарман алаңдарында белсенді өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі ұжымдардың бірі. Биылғы маусымда олар Маңғыстау облыстық жайдарман ойындарының жоғары лигасының маусымашар кезеңінде ерекше көзге түсіп, көрермен көзайымына айналған болатын. Бүгінде команда сол дода аясында өтетін 1/4 финалдық ойынға жолдама алып, сахна төрінде өз өнерін тағы бір мәрте паш етпек.