«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да «Үздік маман – 2026» кәсіби шеберлік байқауының I кезеңі аяқталды: үздіктердің үздігін анықтау үшін «Қаламқасмұнайгаз» және «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармаларынан 157 қызметкер бақ сынасты.
Байқауға мұнай және газ өндіру операторлары, жөндеуші слесарьлар, қабат қысымын ұстау операторлары, электргазбен дәнекерлеушілер, ұңғымаларды зерттеу операторлары, химиялық талдау зертханашылары, тауар операторлары, технологиялық сорғылар машинистері және токарьлар қатысты.
Сайыс екі кезеңнен тұрды: тәжірибелік және теориялық.
«Үздік маман – 2026» байқауының I кезеңінің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды, сондай-ақ оларға тиісінше 100, 70 және 50 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы қарастырылған.
Сонымен қатар, «Тауар операторы» номинациясы бойынша қатысушыларға көмектескен қызметкерлер (дублерлер) мен комиссия мүшелері де марапатталды. Қоғамның кәсіподақ комитеті атынан 4-орын алған қатысушыларға да ынталандыру сыйлықтары табысталды.
«Қаламқасмұнайгаз» және «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармаларынан I кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлері 2026 жылғы 21–22 мамырда өтетін II кезеңде өзара бақ сынасады.