Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide
slide
slide

ҚАЛАМҚАС КЕН ОРНЫНДА «САЛАУАТТЫ САНА» КЕРУЕНІ ӨТТІ

18 наурыз, 2026
17 наурыз күні Маңғыстау ауданы аумағындағы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның Қаламқас кен орнында «Салауатты сана» керуені аясында еңбек ұжымымен кездесу өтті. Шара «Қаламқасмұнайгаз» оқу орталығында ұйымдастырылып, оған 100-ге жуық адам қатысты.
Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері, облыстық Ақсақалдар және Аналар кеңесінің төрағалары, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, мұнай және өндіріс орындарының әлеуметтік департамент басшылары мен кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесуді Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Маралбек Сейлов жүргізді.
Жиында Маңғыстау облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Жақсыгүл Маханбетова сөз сөйлеп, қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту, отбасы тәрбиесінің рөлі және жастарға дұрыс бағыт-бағдар берудің маңыздылығына тоқталды.
Маңғыстау аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Түймеш Абдулаева отбасы институтын нығайту, аналардың қоғамдағы тәрбиелік рөлін арттыру мәселелерін көтерді. Ал Маңғыстау облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары, облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Мереке Боранова «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында жүзеге асып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.
Кездесу барысында қоғамда алаңдаушылық туғызып отырған нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық секілді әлеуметтік кеселдердің алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Шара барысында Ақтау қаласының уақытша бейімдеу және уытсыздану орталығының бөлім меңгерушісі Корлан Елеуова әлеуметтік дерттердің адам өміріне тигізетін зардаптары туралы айтып, зиянды әдеттердің алдын алу бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Кездесу соңында қатысушылар пікір алмасып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Жиында қоғамдағы әлеуметтік кеселдердің алдын алу үшін мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және еңбек ұжымдары бірлесе жұмыс істеуі қажеттігі атап өтілді.
Осындай кездесулер жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамауға үндейтіні сөзсіз.